Өскемен қаласының Аблакетка шағын ауданында су электр станциясы маңында аю жүрген сәт түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Жабайы аңның елді мекенге жақын жүруі тұрғындарды алаңдатып отыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Әлеуметтік желідегі кадрлардан аюдың Аблакеткадағы су электр станциясы маңында жүргенін көруге болады. Тұрғындардың айтуынша, бұл аумақта кешкі уақытта жастар жиі серуендейді. Осыған байланысты олар қауіпсіздік мәселесіне алаңдаушылық білдірген.
Оқиғадан кейін Орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету тобы аюды іздеуге кірісті. Мамандар Аблакеткадағы саяжайлар аумағын бақылауға алып, дрон арқылы әуеден іздеу жұмыстарын жүргізбек.
Жедел әрекет ету тобы бастығының орынбасары Сергей Карманниковтің айтуынша, аю үнемі қозғалыста болғандықтан, басқа аумаққа кетіп қалуы немесе бір жерде жатып қалуы мүмкін. Сондықтан инспекторлар түнгі уақытта да кезекшілікте болады.
«Аю табылған жағдайда оны үркітіп, елді мекеннен алыстатуға тырысамыз», – деді Сергей Карманников.
Маманның мәліметінше, жаз басталғалы Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен ауылдарында аюдың елді мекендерге кіргеніне қатысты 20-ға жуық өтініш тіркелген. Мамандар жабайы аңдардың елді мекендерге жақындауын ормандағы қорек қорының азаюымен байланыстырып отыр.



