Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Өскеменде жылыжайда қарасора өсірген тұрғын ұсталды

Өскеменде полицейлер жеке үйдің ауласындағы жылыжайдан қарасора өсірген 45 жастағы тұрғынды анықтады. Одан есірткі өсімдіктері мен кептірілген марихуана тәркіленіп, қылмыстық іс бойынша тергеу басталды.

Өскемен қаласында «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында заңсыз есірткі өсіру дерегі әшкереленді. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің қызметкерлері 45 жастағы жергілікті тұрғынның үйін тексеру кезінде жылыжайдан алты түп қарасора тапқан. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлады.

Тексеру барысында монша ішінен өсімдік тектес зат салынған екі қағаз бума да тәркіленді. Сараптама нәтижесі бойынша өсімдіктердің қарасора екені расталып, олардың жалпы салмағы 1085 граммды құрады. Сондай-ақ 2,65 грамм кептірілген марихуана мен темекі аралас марихуана анықталған.

Тергеу мәліметінше, күдікті қарасора тұқымдарын интернет арқылы тапсырыс беріп, пошта арқылы алған. Оның айтуынша, өсімдіктерді жеке пайдалану мақсатында өсірген.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Полиция есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру және сақтау қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертіп, мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесу жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button