ЖаңалықтарСпорт

Өскемендегі жас хоккейшінің өлімі: апелляциялық сот үкім шығарды

Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен қаласында жас хоккейшінің өліміне қатысты қылмыстық іске апелляциялық сот нүкте қойды, деп жазды qandastar.kz сайты Шығыс Қазақстан облыстық сотына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 2024 жылдың 2 тамызында «Спорт сарайында» болған. Тергеу дерегінше, сағат 14:50-де  «Торпедо» клубының ересектер командасының ойыншысы Андрей Лагунов кіші жасөспірімдер командасының хоккейшісі Иван Пыленокпен жанжалдасып қалған.

Ересек спортшы жәбірленушіні мойнынан қысып ұстап, 7 900 теңгеге сатып алынған желдеткіш үшін ақша қайтаруды талап еткен. Ол желдеткішті жас спортшы ұрлады деп сенген.

Куәгерлер екі спортшыны ажыратуға тырысқанымен, жасөспірім сол жерде есінен танып құлаған.

Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші мойынның рефлексогенді аймағына тиген доғал жарақаттан көз жұмған. Жарақат жүрек қызметінің рефлекторлық тоқтауына әкелген.

Апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот үкімін өзгертіп, сотталушы Андрей Лагуновты 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, сот кінәліні жәбірленуші тарапқа 20 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button