Жаңалықтар
«Отан оттан да ыстық» жобасы қорытындыланды
Алматы қаласы Қоғамдық Даму басқармасының қолдауымен қолға алынған «Отан оттан да ыстық» атты қандастарды бейімдеу, қолдау, құқықтық ақпараттармен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асып келе жатқан әлеуметтік жоба өздеріңізге жақсы таныс болса керек. Тіпті, ақпарат айдынында шеттен келген қандастар үшін айрықша жұмыс істеп келе жатқан «www.qandastar.kz» сайтының өзі аталған жоба аясында іске қосылған.
Иә, мақсаты айқын, бағдары анық жобаның жүзеге асуы әр кезеңде әр алуан болды. Мәселен, өткен жылы еліміздегі 50 мыңға жуық қандастың мұң-зарына дүп келген-ді. Нәтижесінде біраз құжаттық қиыншылықтың «беті бері қараған», оң шешімін тапқан. Иә, жобаны соңғы екі жыл қатарынан «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі атқарып келеді. Мінді, не мінсіздігіне баға беретін өздеріңіз?…
Осылайша биылғы жылды да түйіндедік. Қорытынды дөңгелек үстел «Алматы жастары» ресурстық орталығында «Әр қазақ менің жалғызым!» тақырыбында өтті. Шараға қатынасқан жастар өз ұсыныс-пікірлері мен ойларын ортаға салса, Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат бақармасы, көші-қон жүйелері бөлімінің бас маманы Гүлбарам Ғалиева, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі Молдахмет Мырзабеков «Адырна» бірлестігінің бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарына алғыс білдірді. Біз де аталған мамандардың қандастарға сіңірген еңбегін бағалай отырып, «Қазақ қыраны» төсбелгісі мен арнайы алғыс хаттарды табыс еттік.
Енді жиында нені айтқанымызды емес, бір жылда не атқарғанымызға тоқталсақ. «Бәленді қатырдық» дегеннен гөрі, не атқарылмады дегенге аялдағанымыз абзал болар еді?.. Шамамыздың жетісінше қандастарға көмек көрсетуге тырыстық. Көмектестік те. Әрине, құқықтық жағынан, елге сіңісіп кетуі жағынан. Жобаның мақсаты да сол еді. Бұл туралы жоғарыда атап өттік. Үміт қаншалықты ақталғанын білмеймін, барлығы көз алдарыңызда…
Биылдыққа негізгі жоспардағы жұмыстарды сәтті тәмамдағанымызбен қандас жастар алдында бірнеше уәдеміз аяқсыз қалды. Соның бірі – Сәтбаев атындағы университеттің дайындық курсына оқуға түскен жастарға жатақхана алып беру мәселесі еді. «Нұр Отан» партиясы Жетісу аудандық бөлімше басшыларымен, Бостандық ауданы құзырлы орган өкілдерімен бірлесе отырып, аталған оқу орнына арнайы тексеріс ұйымдастырдық. Мақсат – мән-жайды білу. Білдік те. Білгенмен не қайыр?… Жауабы манадай: «Бізде амал да, жатын орын да жоқ. Білім министрлігінің бұйрығында «орынмен қамтамасыз етіңіздер» деп көрсетілмеген. Оқытыңдар деді, біз оқытып жатырмыз» деп, бір жапырақ қағазды көлдерең тартып, (білім министрлігінің бұйрығы) шығарып салды… Өкінішке орай білім министрлігінің қателігінен ата-анасыз (ата-анасы шетелде) 30 ға жуық қандас жасқа осылайша пана бола алмадық. Оны мойындаймын. . .
Екінші бір «қатырамыз» деген уәденің бірі – дәл осы шеттен келген қандас жастарға (қалалық автоустарда жүруге арналған) «Оңай» картасын «студенттік» статуспен алып беру еді. Себебі, «Жоғарғы оқу орнына дейінгі дайындық» факультетінде бір жылдық оқуға (дайынддыққа) түскен студенттер заң бойынша ешқандай студентке жатпайды екен. Енді «не оқушы емес, не студент емес» аталған жастарға қалада 80 тг-мен жүру шынымен-ақ тиімсіз. Оның үстіне өзгелер сияқты ата-анасы, туыс-туғаны елде болса тағы жөні болар еді… Қаламызда дәл осындай 500-ге жуық шеттен келген қандас жас бар.
Бірақ бұл «уәде» далада қалмас. Себебі, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы – Диас Рахметұлы Есдәулетов мырзаның өзі бұл мәселені бақылауына алып отыр. Қысқасы жоба аяқталғанымен, уәдеміз биыл да аяқталмады осылайша. . . .
Иә, уәде демекші, өткен жылы да заңгер Абзал Құспан мырзаның араласуымен біраз мәселені бастап, соңында жыл аяғына дейін шешіп береміз, «. . . жұрт алдындағы міндетіміз аяқталған жоқ» деп едік. Абырой болғанда «біздің» және өзге де қоғамдық ұйымдардың мұң-мұқтажына (оралмандардың құжаттық қиыншылығына) бірден назар аударған Елбасы осы жылдың наурыз айында бір жылдық «рақымшылық» жариялаған-ды. Нәтижесінде алды 10_15 жыл, арты 2-3 жылдан бері құжатсыз жүрген қандасымыз ҚР азаматы мен азаматшасы болып шыға келді. Биыл да дәл осындай нәтижеге қолжеткіземіз деген сенімдеміз.
Құрметолла МҰХАМЕТХАНҰЛЫ
«Отан оттан да ыстық» жобасының жетекшісі