
Алматы қаласында жұмыс істейтін Kinopark – Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісінде бәсекелестік заңнамасын бұзу фактілері анықталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, кинотеатрлар желісі отандық киноөндірушілерге фильмдерін прокатқа шығару үшін міндетті түрде жарнама бюджетіне төлем жасауды талап еткен. Мұндай талап орындалмаған жағдайда фильмдер көрсетілімге жіберілмеген.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, бұл тәжірибе нарықтағы әділ бәсекелестікті шектеп, киноөндірушілердің құқықтарына нұқсан келтірген.
«Мұндай талаптар бәсекелестікті шектеп, нарық субъектілерінің заңды құқықтарын бұзған, сондай-ақ отандық кинематографияның дамуына кедергі келтірген», – делінген агенттік хабарламасында.
Тексеру нәтижесінде аталған компанияға ескерту хат жолданып, анықталған заң бұзушылықтар толық жойылған. Атап айтқанда, міндетті жарнамалық шығындарды жүктеу және фильмдерді прокатқа шығару үшін алынатын «кіру төлемдері» тәжірибесі тоқтатылды.
Қазіргі уақытта агенттік кинопрокат саласын реттеуге бағытталған жаңа жария регламент әзірлеуде. Бұл құжат фильмдерді релиздер кестесіне енгізу, сеанстарды жоспарлау және прокат мерзімдерін белгілеу тәртібін айқындайды.
Жаңа ережелердің енгізілуі нарық қатысушылары үшін тең жағдай жасап, кинопрокат үдерісінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.



