Жаңалықтар
Отарда комаға түскен сарбаз Алматыдағы әскери госпитальге ауыстырылды
Жамбыл облысында комаға түскен қостанайлық сарбаздың жағдайы әлі де ауыр. Нұржігіт Әбділпатта қазіргі таңда Алматы қаласындағы Әскери-клиникалық госпиталіне ауыстырылды. Ал ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы келісімшарт бойынша әскери қызметшіге қатысты қылмыстық іс аясында тергеу жүргізіп жатыр,-деп хабарлайды Qandastar.kz
Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің портал тілшісіне берген жауабынан белгілі болды.
Ведомство өкілінің хабарламасына сүйенсек, Нұржігіт Әбділпаттаның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Сарбаз 17 маусымда Қордай ауданының орталық ауруханасынан Алматыға жеткізілді. «17 маусымда сарбаз Алматы қаласы Әскери-клиникалық госпитіліне ауыстырылып, оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Сарбаз емдеу мекемесіне түскен кезде оның денесінен қандай да бір жарақат анықталмаған.
Аталған оқиға бойынша Ішкі істер министрлігінің Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы келісімшарт бойынша әскери қызметші кіші сержант Д.Т.-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 451-бабының 1-бөлімімен (Билiктi асыра пайдалану) қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сарбаздың сырқаттану себебі және оның күдіктінің әрекетімен себепті байланысы бар-жоғы тергеу барысында анықталады», – делінген жауапта.