Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бұрынғы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа шүйлікті. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі bairaq_media парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың сөзінше, экс-министр Саран қаласында 1 млн дөңгелек шығарылады деп өтірік айтқан.
«Үкімет мүшелерінің өтірік айтуы, жалған ақпарат беруі мемлекеттің беделіне орны толмас ауыр нұқсан келтіру деп есептелуі қажет.
Міне, 2023 жылы өндіріске жауапты Үкімет министрі Шарлапаевтың өтірік айтқанына дәлел. Сол кезде қанша күмәнге алсақ та, фактілер келтірсек те, Қарағанды облысындағы Саран қаласында автокөлік дөңгелегін шығаратын зауыт жылына 3 миллион, ал 2023 жылы 1 млн дөңгелек шығарады деп уәде берді.
Сонымен 2 жыл өтті. Бір миллион шина (дөңгелек) әлі жоқ. Уәде берген Шарлапаев қайда? Ол да жоқ.
Бір жыл бұрын қызметтен кетті.
Сол уәде берген жылы Сарандағы зауыт 1 миллион емес 147 дөңгелек шығарған. Өтірігі шықты.
Министр Шарлапаев Ресейден келген, Британия азаматы өтірік айтса да ұялмайтын шығар. Бірақ өзіміздің Үкіметтегі жігіттер сәл ойланып сөйлесе деймін. Көпшілікке өтірік айтқан ұзаққа бармайды»,- деді Әбенов.



