Түрікменстанның Түркменабад қаласында жүкті әйел президент Сердар Бердімұхамедовтің кортежі өтіп жатқан сәтте қайтыс болды, деп жазады qandastar.kz. Оқиға 15 қазанда болған.
Сол күні мемлекет басшысы Ниязов атындағы химия зауытында жаңа минералды тыңайтқыштар кешенінің іргетасын қалау рәсіміне қатысқан. Іс-шара кезінде қала көшелерінде қозғалыс шектеліп, бірнеше бағыт толықтай жабылған.
Жергілікті куәгерлердің айтуынша, әйел толғағы келген соң күйеуі оны ауруханаға жеткізбек болған. Бірақ жедел жәрдем көлігі көше жабылғандықтан жетпей, ер адам әйелін өз көлігімен апаруға тырысқан.
«Күйеуі жалынып, көлікті өткізуін сұрады. Бірақ қауіпсіздік қызметі рұқсат бермеді. Олар “айналма жолмен барыңыздар” деген. Сол жолда әйелдің халі нашарлап, ол күйеуінің қолында жан тапсырды», — дейді куәгерлердің бірі.
Отбасы ауруханаға жеткенде дәрігерлер әйелдің өмірін сақтап қалуға тым кеш болғанын айтқан. Кейін полиция шақыртылған.
Ресми органдар бұл оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.