Қазақстандағы кезекті сарбаз өлімі қоғамда үлкен резонанс туғызып, күштік құрылымдардағы жүйелі мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Осы орайда отставкадағы полковник, Оңтүстік әскери округі әскерлері қолбасшысының бұрынғы орынбасары Манас Мағұлов ел армиясының қазіргі жағдайын сынады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Манас Мағұловтың айтуынша, Қазақстан армиясы бүгінде әлеуметтік тұрғыда әлсіз топ өкілдерінен құралған.
«Біздің армия – кедейлердің өкілдігі. Жоғары лауазымды шенеуніктер мен ірі кәсіпкерлердің балалары әскерде жоқ», – дейді ол.
Әскери маманның пікірінше, казармаларда, полигондар мен аэродромдарда орын алып жатқан төтенше жағдайлардың басты себебі – шенеуніктердің жауапсыздығы мен әскерден жалтаруға мүмкіндік беретін заңдар.
Мағұлов «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңда әскерге барғысы келмейтіндер үшін жол ашатын нормалар көп екенін айтады. Оның сөзінше, қазіргі министрлер мен облыс, аудан әкімдерінің 70–80%-ы өмірінде әскерде қызмет етпеген және осы артықшылықтарды өздері үшін заң жүзінде бекітіп алған.
«Оларға әскердің керегі жоқ, соғыс болса, басқа біреулер барады деп ойлайды. Конституцияның 36-бабы олар үшін қағаз жүзінде ғана», – дейді ол.
Отставкадағы полковник Оңтүстік әскери округінде қызмет еткен кезінде шақырылушылардың анкетасына ата-анасының қызметі туралы қосымша баған енгізгенін айтады. Нәтижесінде екі жылда 40 мыңнан астам шақырылушының арасынан небәрі бір ғана аудан әкімінің орынбасарының ұлы тіркелген.
Мағұлов мұны әскердегі жауапсыздық пен жазасыздықтың түп-тамыры деп санайды. Оның айтуынша, офицерлер қарапайым сарбаздың өлімі үшін қатаң жаза болмайтынын біледі. Ал егер қаза тапқан сарбаз министрдің немесе әкімнің баласы болса, жағдай мүлде басқаша болар еді.
Сондай-ақ ол магистратура мен докторантурада оқу үшін әскерден кейінге қалдыру мүмкіндігіне түбегейлі қарсы екенін білдірді. Себебі бұл норманы пайдаланып, 30 жасқа дейін әскерге бармай кетуге болады дейді.
Мағұлов тағы бір маңызды мәселе – денсаулығына байланысты жарамсыз деп танылған шақырылушылардың тағдырына назар аударды. Оның айтуынша, жыл сайын мыңдаған азамат уақытша жарамсыз деп танылып, кейін оларды емдеу мен қайта есепке алу жүйесі мүлде жоқ.
Ардагер әскери тәуелсіздік жылдарындағы Қорғаныс министрлігіндегі кадрлық саясатты да қатты сынға алды. Оның сөзінше, бір кезеңде министрлік пен әскер басшылығына әскери білімі жоқ адамдар келіп, кәсіби офицерлер жүйеден ығыстырылған. 2010 жылға қарай армиядағы кәсіби әскери мамандардың үлесі небәрі 38%-ға дейін төмендеген.



