Өзбекстанда 42 жастағы әйел «жын шығару» рәсімі кезінде көз жұмды. Бұл оқиға Ташкент облысында тіркеліп, қоғамда үлкен талқылау тудырды, деп хабарлайды qandastar.kz.
Белгілі болғандай, екі ер адам әйелге «ем жасамақ» болып, оны тізбекпен ұрып-соға бастаған. Нәтижесінде әйел алған жарақатынан көз жұмған. Сараптама қорытындысы бойынша, оның қабырғалары сынған, ішкі ағзалары зақымданып, қан жоғалтқан.
Аталған іс бойынша сот үкімі шықты. Аккурган аудандық соты күдіктілерді «алаяқтық» және «абайсызда адам өліміне себеп болу» баптары бойынша кінәлі деп таныды. Бірі үш жылға, екіншісі екі жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу материалдарында оқиға 2023 жылдың жазында болғаны көрсетілген.
Соңғы уақытта Өзбекстанда «жын шығару» қызметін жарнамалайтындар көбейген. Мұндай рәсімдердің құны кейде 200 АҚШ долларынан басталады. Кейбіреулер әлеуметтік желілерде тіпті қауіпті дерттерді – қант диабеті, вирустық гепатит, ісік ауруларын «емдейміз» деп жарнамалап жүр.
Сарапшылар мұндай жағдайлардың көбеюін елдегі сапалы медициналық қызметтің жетіспеушілігімен және халықтың діни сенімге тым иек артуымен байланыстырады.



