Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Өздерін ақылды санайды»: Журналист риэлторлардың дөрекілігіне шамданып, қызметін заңмен реттеуді сұрады

Журналист Гүлбану Әбенова риэлторлар нарығындағы жүйелі мәселелерді көрсететін оқиғамен бөлісті, деп жазады qandastar.kz

Оның айтуынша, жақында үйді көруге бармақ болғанда риэлтор бастапқыда-ақ шарт қойған. Маман объектіні көрсетпестен бұрын 2 пайыздық қызмет ақысы туралы келісімге қол қоюды талап еткен.

«Құжатты толық оқып үлгермей жатып, анамнан жеке куәлігін сұрап, оны бірден келісімге енгізе салды. Ең қызығы – үйді тек кешке, қараңғы кезде ғана көрсетуге дайын екенін айтты. Себебі үйдің иелері сол уақытта ғана болады екен», – дейді Әбенова.

Ол риэлтордан «егер сатушымен келісімі бар болса, күндіз, иесіз-ақ көрсетудің несі қиын?» деп сұраған. Алайда маман «Тым ақылдысың ба?» деп қатқыл жауап қайтарған.

Әбенованың сөзінше, танысып үлгірмеген риэлтор 2 миллион теңгеге дейін жететін комиссия талап етіп, сонымен қатар клиентке дөрекі сөйлеп, соңында «көп сұрақ қоясыз» деп үйді мүлде көрсетуден бас тартқан.

«Осындай кезде ойлана бастайсың, риэлторларға сауатты клиент емес, не болса соған келісетін адамдар керек пе деп..» – дейді журналист.

Ол сонымен бірге ел ішінде кейбір компаниялар, соның ішінде “Этажи” брендінің филиалдарына қатысты жиі шағым айтылатынын, тұрғындар дөрекілік пен алаяқтық  сияқты әрекеттерге тап болатынын атап өтті.

Гүлбану Әбенова риэлторлық қызметтің Қазақстанда әлі күнге дейін нақты заңмен реттелмегеніне назар аударады.

«Қанша жыл өтті, бірақ риэлторлардың жұмысына жауапкершілік жүктейтін ортақ талап әлі жоқ. Комиссияны да өздері белгілейді. Бір ғана хабарландыру үшін миллиондап ақша сұрау қалыпты жағдайға айналып кеткен», – дейді ол.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button