Қара бетперде киген жігіт жан тебірентерлік оқиғамен бөлісті. Ол жалғыз өзі өмір үшін күресіп жүрген Еркебұлан мен оның мүгедек қызына пана ғана емес, жаңа үміт сыйлады, деп жазады qandastar.kz.
Еркебұлан — екінші топтағы мүгедектікпен ауыратын, жалғыз өзі кішкентай қызын тәрбиелеп отырған әке. Екеуі жалдамалы пәтерде тұрып келген. Қызында эпилепсия мен дамудың тежелуі бар, ал өзі неврологиялық аурулармен күреседі. Соған қарамастан, ол өз қажыр-қайратымен күн сайын қызын құшағына қысып, өмірден мойымай келеді.
«Оңтүстік Корея мен Үндістанда емделуге мүмкіндік бар, бірақ оған шамамен 10 миллион теңге қажет. Мен курьер болып жұмыс істеймін — қызымды да өзіммен бірге алып жүремін, себебі қалдырар адам жоқ. Пәтер жалдаймыз, тамақ әзірлеу, жуу, жинастыру — бәрі менің мойнымда. 2022 жылы әйелім ми ісінуінен қайтыс болды. Оның еміне 2 миллион теңге несие алдым, бірақ аман алып қала алмадым. Оны қатты сағынамын. Түсіме жиі енеді. Менің бар тілегім — ешбір ер адам әйелінен айырылмасын», — дейді Еркебұлан.
Алайда, тағдыр бұл отбасыға тосын сый дайындапты. Бет-жүзін көрсетпеген белгісіз адам оларға баспана сатып алып, шетелдегі толыққанды емге қажетті қаржыны да қамтамасыз етті.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде мыңдаған қазақстандықтың жүрегін елжіретті.



