Жаңалықтар
«Палатасы өрттей ыстық»: Жаңаарқа ауруханасына түскен әйел соқырішектен көз жұмды

Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев
Жаңаарқада соқырішекпен сырқаттанып ауруханаға түскен көбалалы ана Гүлнұр Жуанышбаева операциядан кейін көз жұмды. Марқұмның туыстары оның өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп отыр. Олар бүкіл дәлел-дәйектің бәрін жинап, ақ халаттыларды жазалауды сұрады, деп хабарлайды qandastar.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Гүлнұр Жуанышбаева 4 баланың аяулы анасы, 20 жыл бойы полиция капитаны болып еңбек еткен құрметті қызметкер еді. Ол биыл 20 сәуірде «жедел гангренозды аппендицит» диагнозымен Жанаарқа аудандық ауруханасына түседі. Ота кезінде анафилаксиялық шок болып, клиникалық өлім жағдайына түскені болады. Дәрігерлер Гүлнұрдың жүрек соғысын қалпына келтіргенімен, 27 сәуірге дейін комада жатқан әйел көз жұмады.
Мақұмның жақындары оның өлімінің шын себебін медицина қызметкерлері жасырып қалды дейді. Олардың айтуынша, Гүлнұрға егілген дәрі-дәрмек тиісті температурада сақталмаған. Қорап-қорап препарат ғимараттың кіребірісінде жерде жатқан.
«2025 жылдың 24 сәуірінде Жаңаарқа аудандық орталық ауруханасына дәрі-дәрмектер жеткізілді. Бірақ олар тиісті температуралық режимде сақталмай, алдыңғы кіреберістегі тамбурда 5 күн бойы жатқан. Фото мен видеода – Цефотаксим, Ципрофлоксацин, Маннитол, Натрий хлорид секілді науқастарға қолданылатын маңызды препараттар. Бұл дәрілер Жуанышбаева Гүлнұрға да салынды. Ол кезде Гүлнұр комада жатты, ми ісігі мен анафилактикалық шоктан кейін ауыр хәлде болған», — деді олар видео дәлелдемесінде.
Марқұм келіншектің жақындары оның палатасы өрттей ыстық болды деп еске алады. Сол кезде өздері шырылдап жүріп, терезелерді жауып, бөлменің ыстығын 31°C-тан 27°C-қа дейін түсірген.
Редакция қайғылы жағдайға байланысты Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасынан түсініктеме сұратты.
Басқарма өкілі аурухана директорына қатаң сөгіс жарияланғанын айтты. Сонымен қатар, өзге де дәрігерлерге қатысты жауапкершілік сот-медициналық сараптама қорытындысы шыққан кезде нақтылады.
«Тексеру барысында Жаңаарқа аудандық көпсалалы орталық ауруханасының жұмысында бірқатар бұзушылықтар анықталды. Науқас Г. Т. Жуанышбаеваның қайтыс болуының нақты себебі сот — медициналық сараптама жүргізілгеннен кейін анықталатын болады. Сараптама аяқталғанға дейін директордың емдеу жөніндегі орынбасары, хирург, реаниматолог және науқасты емдеуге қатысқан мейіргерлер жұмыстан уақытша шеттетілді. Аудандық аурухана директорының жауапкершілігі облыстық денсаулық сақтау басқармасының тәртіптік кеңесінде қаралды және оған бақылаудың жоқтығы, аурухана қызметкерлерінің жұмысындағы анықталған ақаулар үшін қатаң сөгіс жарияланды», — деді өңірдің Денсаулық сақтау басқармасынан.
Гүлнұрдың жақындарының айтуынша, көпбалалы ананы жерлеу рәсіміне облыстық Денсаулық сақтау басқармасының дәрігерлері келіп, бата оқуға 200 мың теңге беріп кеткен.
«Бұл тек біздің отбасымыздың басына түскен қасірет емес. Біздің қайғымыз бүкіл аймақтағы медицина саласындағы былықтың бетін ашып берді. Әділет саласында істеген адам осындай жауапсыздықтан қайтыс болса, басқасы қайтпек?», — дейді олар.
Қазіргі уақытта Жаңаарқа ауданының полиция бөлімі медицина қызметкерлерінің өз міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
«Тергеу жүргізілуде. Қылмыстық іс Ұлытау облысы ПД басшылығының қатаң бақылауында», — деді тиісті органнан.