Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Пандалар қытай дипломатиясының символына қалай айналды?

Қытайда соңғы он жыл ішінде үлкен пандалардың саны екі есеге көбейді. Қазіргі таңда бұл жануарлардың 808-і қолдан өсірілуде. Бұл туралы Qandastar.kz порталы mir24.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Үлкен пандалар – Қытайдың басты ұлттық символдарының бірі. Бұл сүйкімді жануарларға бүкіл әлем назар аударады: әлеуметтік желілерде пандалардың тіршілігін көрсететін тікелей эфирлер үнемі ең көп қаралатын видеолардың қатарында.

Пандалар – Қытайдың ұлттық байлығы

Қытай заңнамасына сәйкес, әлемдегі барлық пандалар Қытай мемлекетінің меншігі саналады. Олар басқа елдерге сыйға тартылмайды, тек жалдау шартымен, әрі тек жақын серіктес және достас мемлекеттерге беріледі. Бұл – ерекше құрметтің белгісі.

Мәселен, 2019 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Ресей президенті Владимир Путинге екі панданы уақытша  берген.

«Пандалар зообаққа келген алғашқы күннен бастап оларға барлық жағдай жасалды. Арнайы заманауи павильон салынып, ауа температурасы мен ылғалдылығы қатаң бақылауда ұсталады», – деді Қытайдың Ресейдегі елшілігінің өкілетті министрі Чжан Вэй.

Ресейде туған алғашқы панда

Диндин мен Жуи есімді пандалардың бейімделуі үшін Мәскеуге Қытайдан арнайы маман үш айға шақырылған. Себебі пандалардың аналығы жылына небәрі бірнеше күн ғана ұрықтана алады. Көп жағдайда ұрпақ алу бірнеше жылға созылады.

Алайда бұл жолы бәрі сәтті өтіп, екі жыл бұрын Мәскеу зообағында Катюша есімді панда күшігі дүниеге келді. Бұл – Ресейде туған алғашқы үлкен панда.

Пандалар – дипломатия құралы

Сонымен қатар пандалар халықаралық саясатта да символдық рөл атқарады. 2023 жылдың қарашасында Қытай өз пандаларын АҚШ-тан қайтарып алды. Бұл шешімді сарапшылар Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың салқындауының белгісі ретінде бағалады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам Қытайдың АҚШ-тың жартылай өткізгіштерге қатысты шектеулері, санкциялар және виза мәселелеріне қатысты наразылығын білдіруі мүмкін. Жақында Қытай Жапониядан да пандаларды қайтарды.

Ғылым мен технологияның рөлі

Мамандар пандалар санының артуын ғылыми зерттеулер мен жаңа технологиялардың дамуының нәтижесі деп түсіндіреді. Қытайлық ғалымдар жануарларды бақылау үшін «ғарыш – әуе – жер» жүйесіне негізделген мониторинг технологиясын қолдануда.

Бұл тәсіл пандаларды қорғауға және олардың табиғи ортада көбеюіне мүмкіндік беріп отыр.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button