Жаңалықтар

Паралимпиадашы мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жағдайын сынға алды

Фото: ҰОК

Токио және Париж Паралимпиадасының жүлдегері, әлем чемпионаттарының үш дүркін күміс медаль иегері Нұрдәулет Жұмағали еліміздегі параспорт саласының ауыр халін ашық айтты, деп хабарлайды qandastar.kz.

Спортшының айтуынша, халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғап, жүлдемен оралғанына қарамастан, қарапайым қажеттіліктердің өзі қамтамасыз етілмеген.

«Нәтижелеріміз жақсарып келеді: Токиода қола алсам, Парижде күміс медаль еншіледім. Бірақ бұның барлығы қиындықтарға қарамастан жеткен жетістіктер. Сыйақы туралы айтудың өзі артық – біз тіпті дәрігер мен массажистке, жаттығуға қажет спорттық киімдерге мұқтажбыз. Жыламаған балаға сүт жоқ демекші, үнсіз отырғаннан ештеңе өзгермейді», – дейді спортшы.

1bol.kz-те айтылғандай, жаттықтырушыларының өз қалтасынан қаржы шығарып, жарыстарға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға мәжбүр екенін де жасырмады.

«Жарыстарға бізбен бірге журналистер, фотографтар бармайды. Сұхбат, фото, бейнежазба жоқтың қасы. Сондықтан бапкеріміз жарысты өзі түсіруге мәжбүр. Өйткені әрбір қателікті талдап, жұмыс істеу үшін бұл өте маңызды», – деп қынжылды ол.

Нұрдәулет Жұмағали алдағы жылы өтетін Пара Азия ойындарына тыңғылықты дайындалуға ниетті екенін жеткізді. Алайда бұл үшін толыққанды жағдай жасалуы керектігін ескертті.

Back to top button