Жаңалықтар

Парамен ұсталды: Атырау облысында уақытша изолятор бастығы айыппұлмен құтылды

Фото: ашық дереккөз

Атырауда №75 мекеме уақытша изоляторы бастығының міндетін атқарушысына үкім шықты, деп хабарлайды Qandastar.kz. Іс материалдарына сәйкес, подполковникке пара алды деген айып тағылған.

Ол үшін түрме бастығы пара берушінің ағасын шаруашылығындағы жұмыстарды орындау үшін сотталған санатына ауыстыруға, сондай-ақ оны тергеу изоляторында қалдыруға уәде берген.

Іс жеделдетілген тәртіппен қаралды. Өйткені сотталушы өз кінәсін толық мойындаған. Жиналған дәлелдерге қарсылық танытпаған.

Сот отырысында прокурор сотталушыға 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ мемлекеттік органдарда лауазымдарға орналасуға өмір бойы тыйым салуды және «әділет подполковнигі» арнайы атағынан айыруды талап еткен. Өз кезегінде айыпталушы өз кінәсін мойындап, жазаны жеңілдетуді сұрады.

Сот сотталушының жас балалары барын, шын жүректен өкінетінін ескерген. Жазаны ауырлатар мән-жайды таппаған. Оны кінәлі деп тауып, 30 миллион теңге айыппұл салды, бұл параның 30 еселенген сомасын құрайды. Сонымен қатар, оны мемлекеттік органдарда қызмет ету құқығынан, «әділет подполковнигі» атағынан айырған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Атырау облысында ТИЗО бастығының пара алды деп күдікке ілінген туралы 2 қыркүйекте белгілі болған.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close