Әлем жаңалықтары

Париж Олимпиадасында көзге түскен мерген сұхбат үшін қомақты гонорар сұраған

Фото: ашық дереккөз

2024 жылы Париж Олимпиадасында ерекше стилімен көзге түскен түрік мергені Юсуф Дикеч өзінің танымалдығы үшін де қыруар қаржы табатыны белгілі болды. Ол енді жай ғана спортшылығынан бөлек, медиа және кино әлемінің жаңа жұлдызы ретінде табысты кейіпкерге айналған, деп жазды qandastar.kz

Юсуф журналистермен сұхбат берудің де жаңа стандартын орнатып үлгеріпті. Оның агентінің мәлімдеуінше, спортшы сұхбатқа келісу үшін 30 мың еуро (16,2 млн теңге) төлеуді қажет етеді.

«Ол қазір келесі Олимпиадаға дайындық үстінде және бос уақыты жоқ. Юсуф спортшы болғандықтан оған медиа мүлдем қызық емес. Сондықтан мұндай сұхбаттардың бағасы да осыған сәйкес болуы керек», – деді агент.

2028 жылы АҚШ-та өтетін Олимпиадаға 55 жасында қатысуға ниетті Юсуф Дикеч егде тартқанына қарамастан жоғары нәтижеден үмітті.

Юсуфтың Олимпиададан кейінгі танымалдығы оған жаңа мүмкіндіктер ашты. Түрік мергені британдық әйгілі «День шакала» сериалының жарнамасына да түскен. Жаңа маусымда Юсуфтың образы — кәсіби киллердің бүркемеленген тұлғасы ретінде сипатталып жүр. Сериалдың авторлары Дикечтың Олимпиадада қалыптасқан бейнесін сәтті пайдаланып, жарнамада ерекше қызығушылық тудыра білді.

Түрік спортшысының былтыр өткен Олимпиададағы образы әлем жұртшылығының есінде ұмытылмастай болып қалды. Жеңіл спорттық футболка, жарыс кезінде құлағына өте қарапайым құрал тағып, көзіне күнделікті өмірде пайдаланатын көзілдірік киген оның болмысы спортшыдан гөрі туристке қатты ұқсаған болатын. Соған қарамастан ол жеңіл әрі еркін түрде жарыста сынға түсіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close