Жаңалықтар

Парижде Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті

Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Салтанатты іс-шара Францияның Келісім алаңында өтті, деп жазады qandastar.kz  ақпарат порталы.

Ашылу салтанатында Қазақстан туын волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама мүшесі Берік Ізмағанбетов пен пара нысана көздеуден Севда Әлиева ұстап шықты.

Жазғы Паралимпиада бәсекесі Франция астанасында алғаш рет өткізіліп отыр. Жарысқа 4400-ден астам спортшы қатысады. Оларға 2500 адам көмектеседі. Сайыс бағдарламасына 22 спорт түрі мен 549 дисциплина енген. Ал ойындар 11 күнге жалғасады. Биылғы бағдарламаға жаңа спорт түрлері қосылмаған. Алайда Токио-2020 ойындарының бағдарламасына енген пара бадминтон қайта ұсынылып отыр.

Париждегі Паралимпиадаға Қазақстан құрамасынан 44 спортшы сынға түседі. Бұл – ел тарихындағы рекордты көрсеткіш. Токио-2020 ойындарында ел намысын 26 спортшы қорғаған болатын. Ел спортшылары ойындарға 1996 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді.

Биылғы Паралимпиадада Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 9 спорт түрінен (пара дзюдо, пара пауэрлифтинг, пара таэквондо, пара жеңіл атлетика, пара нысана көздеу, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара каноэ және волейболды отырып ойнау) сынға түседі. Осы жылы қазақстандық спортшылар пара үстел теннисінен және әйелдер арасында пара каноэден алғаш рет Паралимпиада лицензиясын жеңіп алды.

Ел спортшылары ертеңнен бастап жарыс жолына шығады. 29 тамызда Милана Красавцева пара таэквондодан өнер көрсетеді, ал кешке волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы Франциямен шеберлік байқасады.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close