Парламент «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңды екінші оқылымда бекітті, деп хабарлайды Qandastar.kz мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заңға сәйкес, Алатау қаласы дербес басқару, қаржылық тәуелсіздік және институционалдық ерекшелігі бар қала ретінде қалыптасады. Басқару моделі әкімшілік қызмет пен стратегиялық дамуды бөлуге негізделген. Негізгі рөлді Alatau City Authority атқарады – бұл үкімет құрамына кірмейтін, бірақ премьер-министрге есеп беретін мемлекеттік қор нысанындағы орталық орган. Сонымен қатар, қалалық мәслихат пен әкімдік күнделікті басқару функцияларын сақтайды.
Құжат Digital by default («Автоматты цифрлық») қағидатын енгізеді және қаланы жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолданатын толыққанды Smart City ретінде дамытуды көздейді.
Заңның қаржылық бөлігі Алатаудың дербес салықтық-қаржылық моделін қалыптастыруға бағытталған. Аумағында арнайы салық режимі қолданылады, ал 2050 жылға дейін немесе қаржылық тәуелсіздік деңгейіне жеткенге дейін қала бюджетінен республикалық және басқа бюджеттерге қаржы аударуға тыйым салынады. Жергілікті бюджет пен мемлекеттік қор бюджетін біріктіретін шоғырландырылған бюджет енгізіліп, қазіргі шығыстар мен ұзақ мерзімді даму жобаларының қаржыландырылуын қамтамасыз етеді.
Инвестициялық жобаларға салықтық жеңілдіктер ашықтық пен міндеттемелерді жария ету арқылы беріледі. Сонымен қатар, халықаралық стандарттарды қолдану, лицензиялау процесін жеделдету және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау мүмкіндігі қарастырылған.
Алатаудың жер қоры инвестициялық саясаттың негізгі құралы болып саналады. Жер учаскелері резиденттерге нақты жобаларға байланысты лицензиялар немесе келісімдер негізінде беріледі, бұл жерді экономикалық айналымға тартуға мүмкіндік береді.
Қаланы дамыту ұзақ мерзімді жоспарлау құжаттарына сәйкес жүргізіледі, олардың ішінде стратегия, 30 жылдық тұжырымдамалық жоспар және 15 жылдық қайта қаралатын қала құрылысы жоспары бар.
Сонымен қатар, заң инвесторлардың құқықтарын қорғауға, тең қатынасқа және АХҚО соттары мен халықаралық арбитраж арасынан таңдау жасау мүмкіндігіне кепілдік береді.


