Қазақстанда жоспарланып отырған парламенттік реформа бірқатар өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Соның ішінде лоббизм, депутаттық мандаттардың «көлеңкелі нарығы» және бюджет процесінің ашықтығы туралы талқылаулар қайта қыза түсті, деп жазады Qandastar.kz ақпарат порталы.
Бұл жөнінде саясаттанушы Данияр Әшімбаев Telegram арнасындағы парақшасында пікір білдірді.
Сарапшының айтуынша, екі палаталы парламент кезінде кез келген шешімді өткізу үшін Мәжіліс пен Сенаттағы депутаттармен бөлек жұмыс жүргізу қажет еді. Енді парламент бір палаталы жүйеге көшкенде әрбір депутаттың дауысы бұрынғыдан да құнды болмақ.
«Мандаттарды бөлу процесінде саяси бедел, тәжірибе мен кәсібилік ескерілгенмен, «коммерциялық» сипаттағы шағын кеңістік те барын естен шығармау керек. Бұл партиялардың ресми идеологиялық ұстанымына тікелей байланысты емес.
Конституцияның 61-бабының 6-тармағы да назар аударуға тұрарлық. Ол депутаттық популизмді тежегенімен, көбіне жемқорлық тәуекелдерін заң шығарушы емес, атқарушы билікке бағыттайды», — деді сарапшы.
Әшімбаевтың пікірінше, бұл факторлардың барлығы бюджет процесіне айтарлықтай әсер етеді. Бір кезде парламент үкіметке бюджет ішіндегі ірі сомаларды түзетусіз қайта бөлуге рұқсат берген. Бұл бюрократияны азайту мақсатында жасалғанымен, жылдар бойы бюджет саясатының тиімділігі арта қойған жоқ.
Саясаттанушы алдағы реформа осы процесті қайта қарауға мүмкіндік беретінін айтады. Кейбіреулер ресми лоббизм институтын енгізуді ұсынғанмен, Әшімбаевтың пайымынша, бұл «жемқорлықты заңдастырудың» бір түріне айналуы мүмкін.
Сонымен бірге заң шығару ісіне жасанды интеллектті енгізу туралы пікірлер де бар. Алайда саяси сарапшы мұны да «жаңа типтегі жемқорлыққа» жол ашатын тәуекел деп біледі, өйткені мұндай жүйе жеке мүдделермен тоғысуы ықтимал.



