
Парсы шығанағындағы геосаяси шиеленістің күшеюі әлемдік мұнай нарығына тікелей әсер етіп, баға алты ай ішіндегі ең жоғары деңгейге жетті. Экономикасы мен мемлекеттік бюджеті мұнай табысына тәуелді Қазақстан үшін бұл өзгерістердің маңызы зор. Zakon.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарды жариялады.
Лондондағы ICE Futures Europe биржасының соңғы мәліметтеріне сәйкес, Brent маркалы мұнай баррелі шамамен 71 доллар, ал WTI 66 доллар көлемінде саудалануда. Өткен аптада Brent бағасы 72 доллардан асып, 2025 жылғы шілдеден бергі ең жоғары көрсеткішке жетті. Сарапшылар мұндай өсімді АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал қақтығыс қаупімен байланыстырады. Бір апта ішінде Brent 1,81%-ға қымбаттаса, бір айда 9,16%-ға, ал соңғы үш айда шамамен 14%-ға артқан.
Reuters агенттігінің дерегінше, мұнай нарығы қазір өте сезімтал күйде. Вашингтон мен Тегеран ядролық бағдарлама бойынша үшінші келіссөз кезеңіне дайындалуда.
Сонымен қатар бағаға АҚШ президенті Дональд Трамптың тарифтік саясаты да ықпал етуде. АҚШ Жоғарғы сотының шешімдері, кейбір тарифтердің уақытша тоқтатылуы және баж мөлшерлемесін 15%-ға дейін арттыру мүмкіндігі туралы мәлімдемелер нарықтағы құбылмалылықты күшейтті.
Осы факторларды ескерген Goldman Sachs 2026 жылдың төртінші тоқсанына арналған болжамын қайта қарап, Brent мұнайының орташа бағасын бұрынғы 56 доллардан 64 долларға дейін көтерді. Банк сарапшыларының айтуынша, мұндай түзетуге ОЭСР елдеріндегі мұнай қорларының азаюы себеп болған. Дегенмен 2026 жылы ұсыныс көлемі тәулігіне 2,3 млн баррельге артық болуы мүмкін, яғни нарықта ұсыныс сұраныстан басым болады.
Қазақстанға қатысты болжамдар да қайта қаралды. Банк еліміздің мұнай өндірісі бойынша көрсеткіштерін төмендетті. Қазақстаннан жеткізілім көлемі күткен деңгейден аз болғандықтан, болжамдар түзетілген. Бұл экспорттық түсімдер мен валюта ағынына әсер етуі ықтимал маңызды белгі.
Goldman Sachs мәліметінше, ОПЕК+ 2026 жылдың екінші тоқсанында өндірісті біртіндеп арттыруы мүмкін, өйткені ОЭСР елдеріндегі қорлар айтарлықтай өспей отыр.
Сонымен бірге, бағаның төмендеу қаупі де сақталады. Егер Иран мен Ресейге қатысты санкциялар жеңілдетілсе, Brent шамамен 5 долларға, ал WTI 8 долларға арзандауы ықтимал. Бұл жағдайда нарыққа қосымша мұнай көлемі шығуы мүмкін.
Ұзақ мерзімді перспективада банк мұнай бағасының біртіндеп тұрақтанатынын болжайды. 2027 жылы Brent орта есеппен 65 доллар деңгейінде болуы мүмкін, ал 2027 жылдың соңында 70 долларға жуықтауы ықтимал. Бұл әлемдік сұраныстың тұрақтылығы мен ұсыныстың баяу өсіміне байланысты.
Айта кетейік, мұнай саласы Қазақстан экономикасының негізгі тірегі болып қала береді. «Қара алтын» елдің экспорттық кірісінің 51%-ын құрайды. 2025 жылы Қазақстан 76 млн тонна мұнайды 29 мемлекетке экспорттап, жалпы 39,88 млрд доллар көлемінде табыс тапқан.



