Жаңалықтар
Павлодар аспанында белгісіз табиғи құбылыс пайда болды

Бүгін Павлодар қаласының тұрғындары ерекше табиғи құбылыстың куәсі болды — аспанда кенеттен пайда болған құйын көпшілікті таңғалдырды, деп хабарлады Qandastar.kz
Жергілікті тұрғындар оқиға орнында түсірілген бейнежазбаларды жаппай жариялауда. Кадрларда аспанда бірден көзге түсетін үлкен, тәж пішіндес айналмалы түтін бағаны бейнеленген. Табиғи құбылыс қала тұрғындарының назарын бірден аударып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.
«Алғашында бұлттардың арасынан бірдеңе жылжып келе жатқандай көрінді. Содан соң айнала бастады. Бұрын мұндайды тек теледидардан көретінбіз», — дейді куәгерлердің бірі. Көпшілігі бұл көрініске тамсана қараса, кейбіреулер үрейге бой алдырғанын жасырмайды. Әсіресе балалармен серуенде жүрген аналар мен егде жастағы адамдар сәл алаңдаушылық танытқан.
«Табиғаттың тосын сыйы адамды бір сәтке ойландырып қояды екен», — дейді тұрғындар.
Құбылыстың нақты себептері әзірге белгісіз. Мамандар бұл табиғи жағдай болуы мүмкін екенін айтады. Қазіргі уақытта синоптиктер мен төтенше жағдайлар қызметі видеоны зерттеп жатыр. Айта кетейік, Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде жаз айларында мұндай шағын құйындар сирек болса да тіркеліп тұрады. Алайда дәл Павлодардың орталығында, елдімекен маңында пайда болуы — бұл құбылысты ерекше етті.