
Павлодар облысында әйелін пайдакүнемдік ниетпен өлтірген ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Облыстық соттың мәліметінше, қылмысқа ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік дау себеп болған. Құны 125 миллион теңгеден асатын кәсіпорын әйелдің атына тіркелгендіктен, ер адам ажырасу жағдайында бұл мүлікке ие бола алмайтынын білген.
Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылдың тамыз айында сотталушы жұбайын алдын ала жоспарланған әрекетпен өлтірген. Ол әйелін өзенге апарып, қайық үстінде отырған сәтте әдейі тепе-теңдігін бұзған. Әйел суға құлағаннан кейін, оны шашынан тартып, су астында ұстап тұрған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші тыныс алу жолдарының суға толуынан оқиға орнында көз жұмған.
Тергеу барысында ер адам қылмысты жазатайым жағдай ретінде көрсетуді көздегені анықталды. Алайда сотта ол өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұраған.
Сот үкімімен оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.


