ӘкімЖаңалықтар

«Павлодарда күйеу жігіт тапшылығы бар»: Әкімге түскен шағым желіні шулатты

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өзіне келіп түскен ерекше өтінішті жариялады. Өтініш иесі өңірде күйеу жігіттердің аз екеніне наразылық білдірген. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі ekibastuz_inform парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Threads әлеуметтік желісінде белсенділігімен танылған өңір басшысы тұрғындардан келген кезекті өтінішті бөлісіп, оған эмоциялық пікір қалдырды.

«Сабыр ет. Тоқта. Байсалды бол»,  — деп жазды әкім.

Әкімнің мұндай реакциясына себеп — әйел адамның неке қию кезінде АХАТ  қызметкерлерінің «болашақ күйеу жігітті бірге алып келу керек» деген талабына шағымдануы.

«Құрметті Асайын Байханов! Бүгін тұрмысқа шығу үшін АХАТ-қа барсам, олар күйеу жігітті өзіммен бірге алып келуім керек дейді. Сонда мен салықты не үшін төлеп жүрмін? Әкімдік пен сіз жеке өзіңіз қайда қарап отырсыз? Бұл не деген бассыздық?», — деп жазған тұрғын.

Әкімнің жазбасына желі қолданушылары әзілмен жауап қатты.

«Күйеу жігіт тарату жөніндегі өңірлік бағдарламаны әлі іске қоспадық. Бірақ негіздемесін дайындау керек сияқты»,
«Жол картасына “мемлекеттік тапсырыспен күйеу жігітті жалға беру” деген тармақ қоссақ қалай болады? Облыс бюджетіне аз да болса табыс түсер еді», «Лизингке алу керек», — деп жазды пікір қалдырушылар.

Айта кетейік, бұған дейін Асайын Байханов өзінің гардеробында қымбат брендтік киімдердің қайдан пайда болғанын түсіндірген болатын.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button