Иваново қаласының соты Павлодарда 2024 жылғы 11 қарашада болған аса ірі банк тонауына қатысы бар деген күдікпен Ресейдің үш азаматын қамауға алу туралы, ал тағы бір күдіктіні үйқамаққа алу жөнінде шешім шығарды.
Бұл туралы qandastar.kz порталы РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдіктілер Павлодар қаласындағы Halyk Bank бөлімшесіне заңсыз кіріп, қабырғаны бұзу арқылы ақша мен зергерлік бұйымдарды алып кеткен. Келтірілген материалдық шығын шамамен 400 миллион рубльді құрайды. Бұл қазіргі бағам бойынша 2,6 миллиард теңгеге жуық сома ретінде бағаланып отыр.
Сот құжаттарында күдіктілерге ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында аса ірі көлемде ұрлық жасады деген айып тағылғаны көрсетілген. Сонымен бірге, ұрланған мүліктің 23 Қазақстан азаматына тиесілі екені де нақтыланған.
Алайда қамауға алынған күдіктілердің бірінің қорғаушысы тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.
Адвокаттың айтуынша, оның қорғауындағы тұлға мен өзге фигуранттардың банк тонауына қатысы дәлелденбеген.
«Менің қорғауымдағы азамат, оның танысы және тағы екі Ресей азаматы сол күні Павлодарда жүргені үшін ғана айыпталуда. Басқа нақты дәлелдер жоқ, тіпті РФ азаматтарының екі жұбы арасында қандай да бір байланыс анықталмаған», — деді адвокат Анастасия Терехова.
Қорғау тарапының мәліметінше, күдікті мен оның танысы Павлодар қаласына автокөліктерді таңдап, кейін оларды Ресейге апарып қайта сату мақсатында келген. Тергеу бұл нұсқаны тексеріп жатыр.



