Жаңалықтар
Перизат Қайрат Бауыржан Байбекті де жауапқа тартуды талап етті

Астанада Bizbergemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушысы Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптармен келіспей, сотта Бауыржан Байбекті куә ретінде шақыруды талап етті, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қайырымдылық қоры бастапқыда партияның бастамасымен құрылған, ал ол бұл процесте тек орындаушы рөлінде болған.
«Айыптау актісінің бірінші абзацынан бастап мені анаммен бірге қор құрды, құрылтайшылардың қолын қолдан жасады деп айыптайды. Бірақ бұл қор партия жанында, Байбектің басшылығымен құрылған. Құрылтайшылардың бәрі – партияның қазіргі немесе бұрынғы қызметкерлері. Сондықтан бұл мәселенің басын ашу үшін Бауыржан Байбектің өзінен жауап алынуы керек», – деді Перизат Қайрат сот отырысында.
Сотта прокурор қайырымдылық қорын заңсыз жолмен тіркеу, құрылтайшылардың қолдарын қолдан жасау, жалған имидж құру, сондай-ақ жиналған қаражатты жеке мақсатқа пайдалану бойынша нақты айыптар оқыған еді. Алайда Қайрат бұл айыптаулармен толық келіспейтінін мәлімдеп, өз әрекетін «партиялық тапсырмамен» байланыстырып отыр.
Сот процесінің ашық бөлігіне қатысқан бақылаушылар бұл мәлімдемені күтпеген және қоғамдық резонанс тудыруы мүмкін деп бағалауда.
Айыпталушының айтуынша, қорды тіркеуге тікелей қатысқан тұлғалар – сол кездегі партияның қызметкерлері болған. Бұл жағдай тергеудің жаңа бағытын қажет етуі мүмкін. Алайда прокурор мен судья тарапынан бұл талапқа әзірге ресми пікір білдірілмеген.
Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаева қайырымдылық ақшасын мақсатсыз жұмсады, 3 млрд теңгеге жуық қаржыны жымқырды деген күдікпен сотқа тартылып отыр. Қаражат мүгедек балаларға, су тасқыны мен Таяу Шығыс қақтығыстарынан зардап шеккендерге көмектесу үшін жиналған.