ЖаңалықтарЭкономика және бизнес

Перуашев Салық кодексіне неге қарсы дауыс берді?

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Digital Business басылымына берген сұхбатында 2026 жылдан бастап сезіле бастаған жаңа Салық кодексінің салдары туралы айтып, фракцияның бұл құжатқа не себепті қарсы дауыс бергенін нақты түсіндірді, деп жазадыQandastar.kz.

Журналистер: «Соңғы уақытта көптеген депутаттар жаңа Салық кодексіне қарсы дауыс бергенін айтып жүр. Алайда электронды таблода небәрі 8 депутат қарсы болғаны көрінді, әрі ашық түрде тек “Ақ жол” фракциясы қарсы шықты. Шын мәнінде кімдер қарсы дауыс берді?» – деген сұрақ қойды.

Оған жауап берген Азат Перуашев «Ақ жол» фракциясының ұстанымы басынан бастап принципті болғанын атап өтті.

«Өкінішке қарай, кей жағдайда сөз басқа, іс басқа болып жатады. Мен нақты айта аламын: “Ақ жол” фракциясы жаңа Салық кодексіне бірінші оқылымда да, екінші оқылымда да, Сенаттан аздаған түзетулермен қайта оралғанда да толық құрамда қарсы дауыс берді. Сонымен қатар бірмандатты депутаттар Абзал Құспан мен Әділ Жұбанов та қарсы болды. Қалған барлық фракциялар “қолдап” дауыс берді. Бұл – шындық», – деді ол.

Перуашевтің айтуынша, фракция кодекстің негізгі тұстарын өзгертіп, оның ауыр салдарын жеңілдетуге тырысқанымен, Үкімет олардың ұсыныстарының басым бөлігін қабылдамаған.

«Бізде түзетулер енгізу мүмкіндігі болды. Салық кодексіне жүзден астам ұсыныс бердік, бірақ өкінішке қарай, олардың барлығы дерлік кері қайтарылды. Сондықтан біз қарсы дауыс бердік. Бірінші оқылымда сөйлеген сөзімде осының бәрін ашық айттым», – деді депутат.

Сонымен бірге Азат Перуашев заң қабылданғанына қарамастан, фракцияның оны жүзеге асыру барысын бақылап, болашақта түзетулер енгізуге ықпал ету мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

«Біз кезең-кезеңімен көшу тетігін және басқа да шараларды ұсындық. Бірақ қазір заң қабылданды, енді оны орындау керек. Біз – құқықтық мемлекетпіз. Ендігі міндет – Салық кодексінің қалай іске асырылып жатқанын бақылау. Алдағы уақытта талқылауды қажет ететін мәселелер міндетті түрде туындайды. Оған ықпал етуге мүмкіндігіміз бар», – деді ол.

Перуашев сондай-ақ Мемлекет басшысының Салық кодексін талқылау барысында бірнеше рет араласып, қосымша құн салығының мөлшерлемесін төмендету, арнайы салық режимдерін қолдану және өзге де мәселелер бойынша түзетулер енгізуді талап еткенін еске салды.

«Бұл – кері байланыс пен түзету тетіктері әлі де біздің қолымызда екенін көрсетеді», – деп қорытындылады «Ақ жол» партиясының төрағасы.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button