Солтүстік қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласында жерлеу қызметімен айналысатын кәсіпкердің отбасын өлтіру ісі бойынша сотталған әйел мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Оның жазасының аяқталуына 9 айдан астам уақыт қалған болатын, деп жазады qandastar.kz сайты Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, сотталған әйел кәмелетке толмаған баласының барын негізге алып, жазаны өтеуді кейінге қалдыруды сұраған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 14 жасқа толмаған баласы бар аналарға жаза өтеу мерзімі уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Сот аталған өтінішті қанағаттандырған.
Еске салсақ, 2023 жылдың 28 желтоқсанында Петропавлдағы «Рабочий» шағынауданында үш адамның зорлық белгілері бар мәйіті табылған. Қаза тапқандар жерлеу рәсімдерімен айналысатын кәсіп иесі, оның жұбайы және 17 жастағы ұлы.
Тергеу нәтижесінде екі ер адамға қарақшылық және кісі өлтіру айыбы тағылса, әйелге кісі өлтіруге айдап салу (азғыру) бойынша айып тағылған. Айыптау нұсқасына сәйкес, қылмыстың себебі жерлеу қызметтері нарығындағы көпжылдық бәсекелестікпен байланысты болған.



