Петропавл қаласында тұратын Павел мен Татьяна Култышевтар 19 баланы тәрбиелеп отыр. Отбасының кенжесі 2024 жылы дүниеге келген. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Ерлі-зайыптылар 2000 жылы шіркеуде танысып, шаңырақ көтерген. Ол кезде Павел 22 жаста, ал Татьяна 19 жаста болған. Тұңғыш баласын Татьяна 20 жасында дүниеге әкелді. Қазір үлкен қызы Инна – 25 жаста, Лена – 23, Владимир – 22, Евгений – 21 жаста. Ересек балалар әкесіне кәсіпкерлік ісінде көмектесіп жүр.
Павел жеке кәсіпкер ретінде дәнекерлеу жұмыстарымен айналысады. Ол қақпа, қоршау, күрделі самалжайлар жасайды, жүк тасымалдайды, көлік жөндейді, жаз мезгілінде жер қазу және шөп шабу жұмыстарын атқарады.
Отбасындағы бесінші перзент Ирина – 20 жаста, Дмитрий – 19, Павел – 17, Татьяна – 16, Андрей – 15, Леонид – 13, Сергей – 12 жаста.
2016 жылы 12-бала Данил дүниеге келген кезде көпбалалы отбасы елге танылды. Олар туралы телесюжеттер түсіріліп, түрлі мақалалар жарияланды. Кейін Култышевтер әулетінде тағы бірнеше бала өмірге келді: Алена – 9 жаста, Диана – 8 жасқа толды, Любовь – 7 жаста. 2020 жылы Влад, 2021 жылы Давид дүниеге келді. 2022 жылы бір қыз, ал 2024 жылдың тамызында кенже қызы өмірге келді.
Павелдің өзі тоғыз ағайынды: алты ағасы және екі әпкесі бар. Оның бауырлары да бүгінде көпбалалы ата-ана атанған. Ал Татьяна үш баланың отбасында өскен.
Үлкен балалар үй шаруасына көмектесіп, музыкалық аспаптарда ойнайды. Отбасы мүшелері бір-біріне қолдау көрсетіп, тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айтады.
Павелдің сөзінше, көпбалалы отбасында балалар кішкентайынан жауапкершілікке, бір-бірін құрметтеуге және бөлісуге үйренеді. Қазіргі таңда ерлі-зайыптылар ата мен әже атанып, үлкен қыздары ата-анасына немере сыйлаған.
