Әлеумет және қоғамЖаңалықтарҚаржы және төлемдер
Пікір-пайым: Депутат Үкімет отырысынан не түйді?
Фото: ашық дереккөз
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және тәртіп» принципінің қоғамдық санада терең тамыр жаюының маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы тәртіпті қамтамасыз ету үшін «құқық бұзушылыққа жол жоқ» принципін енгізу қажеттігін, бұл шаралар билік органдарын, оның ішінде өңір әкімдерін қамтуы тиіс екенін айтты. Бұл ретте депутат Марат Бәшімов мұны жүзеге асыруда қоғамның қолдауы маңызды екенін меңзеп отыр, деп жазады qandastar.kz
«Президент айтқандай, азаматтардың құқығын қорғау мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді, сондықтан халықпен тұрақты байланыс орнату қажеттігі күн тәртібінде тұр. Өткен жылы Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш түсті, бұл қоғамның «Еститін мемлекет» концепциясына деген сенімін көрсетеді. Алайда, Президенттің айтуынша, нақты өзгерістерге қол жеткізу үшін мемлекеттік органдардың жұмысын жақсартып, барлық уәкілетті құрылымдарды азаматтардың мәселелерін шешуге белсенді түрде тарту қажет.
Ұлттық Құрылтайда айтылған «Заң және тәртіп» принципі ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғаудың негізі болып қалатыны, елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететіні белгілі», – деді депутат.
Сонымен қатар Бәшімов адам құқықтары мәселелері киберқылмыспен күреске, азаматтардың жеке өмірге және жеке бас бостандығына конституциялық құқықтарын бұзуға қатысты екенін алға тартты. Оның айтуынша, қоғамда айла-шарғы жасауға, биліктің беделін түсіруге, алауыздықты қоздыруға бағытталған жалған ақпарат жиі тарайды. Бұл елдегі азаматтардың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына үлкен қауіп төндіреді. Бірақ киберқауіпсіздікті нығайту ешқандай жағдайда цифрландыру процесін бәсеңдетпеуі керек.
Бұған қоса депутат шектеулер мен айыппұлдарды енгізу кезінде мемлекет те, қоғам белсенділері де ақылға қонымды шешімдер ұсыну қажеттігін атап өтті.