Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Полиция WhatsApp-та тараған жаңа алаяқтық схема туралы ескертті

Қаскөйлер WhatsApp қолданушыларын «қауіпсіздік орталығы» атынан жалған хабарламалар жіберу арқылы алдауға тырысуда. Полиция азаматтарға күмәнді сілтемелерге өтпеуге, растау кодтарын ешкімге бермеуге және белгісіз нөмірлерден келген хабарламаларға сақтықпен қарауға шақырды.

Полиция азаматтарды WhatsApp мессенджері арқылы таралып жатқан алаяқтықтың жаңа тәсілінен сақ болуға шақырды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлады.

Қаскөйлер өздерін «WhatsApp қауіпсіздік орталығы» немесе «ресми тексеру қызметі» ретінде таныстырып, қолданушыларға жалған ескерту хабарламаларын жіберуде. Олар аккаунтқа қауіп төнгенін айтып, пайдаланушыдан арнайы сілтемеге өтуін, Start батырмасын басуын немесе есептік жазбаны растауын талап етеді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай хабарламалар әдетте белгісіз нөмірлерден келеді. Алайда WhatsApp қызметі қауіпсіздік мәселелеріне байланысты пайдаланушыларға жеке нөмірлерден хабарлама жібермейді және чат арқылы аккаунтты растауды сұрамайды.

Алаяқтардың негізгі мақсаты — қолданушының аккаунтына қол жеткізу, растау кодтарын иемдену және жеке мәліметтерді ұрлау.

Полиция азаматтарға күмәнді хабарламалардағы сілтемелерді ашпауға, SMS немесе WhatsApp арқылы келген растау кодтарын ешкімге бермеуге, белгісіз нөмірлерді бұғаттап, күмәнді хаттарды бірден өшіруге кеңес береді.

Мамандар интернеттегі қауіпсіздік ережелерін сақтап, бейтаныс адамдардың талаптарын орындамау арқылы алаяқтардың әрекетінен қорғануға болатынын ескертеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button