Әлеумет және қоғам

Польшада қаза тапқан қазақстандықтың ісі бойынша жаңа деректер белгілі болды

Екатерина Шилова ісіне қатысты марқұмның әпкесі жаңа мәліметтерді жария етті. Оның айтуынша, әйелдің жоғалуы күмәнді жағдайлармен байланысты болып, қылмыс ақша үшін жасалуы мүмкін. Тергеу әлі жалғасып жатыр.

Польшада қаза тапқан қазақстандық Екатерина Шилова ісі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның әпкесі Ирина Геберт оның соңғы күндері мен жоғалуына қатысты тың мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Туыстарының айтуынша, Екатерина шамамен екі жыл бұрын Польшаға жұмыс істеу үшін өз еркімен кеткен. Ол бұл шешімін жақындарынан біраз уақыт жасырып келген. Шетелде кір жуатын орында еңбек етіп, қосымша табыс көздерін іздеп, барынша ақша жинауға тырысқан. Негізгі мақсаты – қаржы жинап, отбасына көмектесу болған.

18 ақпанда ол Варшавадан Астанаға ұшуы керек еді. Таңертең туыстарымен байланысып, ұшу билетін жіберген. Алайда кейін байланыс үзілген. Келесі күні оның рейске тіркелмегені анықталып, екі күннен соң телефонынан күмәнді хабарлама келген. Жақындары бұл жазбаны марқұмның өзі жібермегеніне сенімді.

Іздеу жұмыстары шамамен 25 күнге созылып, күдік Екатерина тұрған пәтердегі көршісіне түскен. Туыстарының болжамынша, қылмыс ақша үшін жасалуы мүмкін, өйткені марқұм ірі соманы қолма-қол сақтаған.

Кейін күдікті ұсталып, марқұмның денесі жасырылған орынды көрсеткен. Алайда қылмыстың нақты мән-жайы әлі жарияланған жоқ, себебі іс тергеу құпиясында.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Марқұмның отбасы оның денесін Қазақстанға жеткізу мәселесімен айналысып, әділ шешім болады деп үміттенеді.

Back to top button