Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдаған депутаттық сауалында әлеуметтік желілерде көбейіп кеткен қауіпті пранктер мен жасанды интеллект арқылы жасалатын жалған контенттің қоғамға айтарлықтай зиян келтіріп отырғанын айтып, бұл мәселеге қатаң шара қолдануды ұсынды, деп хабарлайды qandastar.kz
Депутаттың айтуынша, пранк деп аталатын кейбір әрекеттер енді әзіл шегінен шығып, қоғамдық тәртіп пен адам қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп отыр. Ол мұны бірнеше нақты мысалдармен дәлелдеді:
Астанада лифтке «жалған мәйіт» қойып, жарықты өшіріп, адамдарды шошытқан жағдай тіркелсе, тағы бір оқиғада пранкерлер лифтіге тапанша ұстап кірген. Алматыда болса, блогерлер аула сыпырушыларға қоқыс лақтырып, келемеждеген бейнеролик жариялаған.
«Әлеуметтік желіге шектен тыс әуестенген кейбір жастар пранкті ойланбай, жауапсыз түрде қолдануда. Мұндай іс-әрекеттер ешқандай әзілге жатпайды», – деді Сәрсенғалиев.
Оның сөзінше, мұндай бейәдеп әрекеттер тек ел ішінде ғана емес, шетелде жүрген блогерлер арасында да кездеседі. Мысалы, Қытайда «ұрлық жасап жатқандай» видео түсіріп, полицияға шақырылған немесе Ташкент метросында жолаушыларға тиіскен қазақстандық пранкерлер ел абыройына нұқсан келтірген.
Депутат жасанды интеллект көмегімен жасалатын пранктердің қауіптілігіне ерекше тоқталды. Кей жағдайларда мемлекеттік тұлғалардың немесе қарапайым азаматтардың бейнелері жалған түрде қолданылып, «шын» видео секілді тарайды. Кейбір видеоларда балалар ата-аналарын қорқытып, полицияның ресурстарын босқа сарқып отыр.
«Осындай жалған ақпараттар нақты оқиғаларға дер кезінде ден қоюға кедергі келтіреді. Бұл қоғам қауіпсіздігіне тікелей қауіп», – деді ол.
Сондай-ақ жуырда кең талқыланған “24 сағат табытта” атты челлендж де депутаттың сынына ұшырады. Ол Абайдың “Ішпек, жемек, күлмек – бәрінің өлшеуі бар, асса зиян тигізеді” деген сөзін мысалға келтіріп, қоғамдағы шектен шыққан “әзілдердің” заңмен реттелуі қажет екенін айтты.
Сәрсенғалиев бұл мәселеге қатысты бірнеше нақты ұсыныс айтты:
- Қоғамдық тәртіпті бұзған және жеке өмірге қол сұққан пранкерлерді анықтап, бірыңғай тізім құру және оны жария ету;
- Адамның ар-намысы мен беделін қорлайтын пранктерге қатысы бар тұлғалардың әлеуметтік желідегі парақшаларын бұғаттау;
- Әлеуметтік желілердің әкімшіліктерінен қауіпті контентті анықтап, тиісті органдарға жедел хабарлау талаптарын күшейту;
- Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, сапалы әрі тәрбиелік мәні бар контент өндіру.
Депутаттың пікірінше, бұл шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамда жауапсыз әрекеттердің алдын алады. “Әзілдің де шегі бар, ал шектен шыққан әрекет – қылмыс”, – деп түйіндеді ол.



