Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында 2019 жылдан бері Қазақстан экономикасының 16%-ға өскенін хабарлады. Биылғы экономикалық көрсеткіш 137 триллион теңге, яғни 291 миллиард доллар деңгейінде болуы мүмкін, деп жазады qandastar.kz
Мемлекет басшысы саяси реформалар туралы да айтып, ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлануы, сондай-ақ «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының орнығуы билік жүйесін айтарлықтай өзгерткенін атап өтті.
Тоқаев пандемия, халықаралық санкциялар және сауда жолдарының бұзылуы секілді қиындықтарға қарамастан, Қазақстан экономикалық әлеуетін сақтап, оны дамыта алғанын айтты. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 14 400 долларға жетіп, ТМД елдері арасында ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Алтын-валюта резерві 58 миллиард долларға жетті, ал сыртқы сауда айналымы соңғы жеті жылда 83%-ға өсіп, 142 миллиард долларға жетті.



