Жаңалықтар

Президент әскери шеруде сөз сөйледі

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруде сөз сөйледі, деп жазды qandastar.kz

Тоқаев халықты жеңіс күнімен құттықтады.

«Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек. Зұлмат кезеңді бастан өткерген майдангерлер қазір ортамызда отыр. Құрметті ардагерлер, барша халықтың атынан Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз!”, – деді президент.

Сондай-ақ мемлекет басшысы халқымыздың Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.

«Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанды. Олардың тең жартысы ерлікпен қаза тапты. 500-ден астам жауынгеріміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Сағадат Нұрмағамбетов, Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Нүркен Әбдіров, Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова және басқа да көптеген қаһармандарымыз өшпес із қалдырды. Тыл еңбеккерлері соғыс жылдары жанкештілік пен табандылық танытты”, – деді президент.

Тоқаев Қазақстанда Жеңістің 80 жылдығын тойлауға ерекше назар аударылғанын айтты.

«Біз Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге баса назар аудардық, еліміз бойынша мыңдаған маңызды, ауқымы кең іс-шара өткізіліп жатыр. 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетін болды. Елімізде қазақстандық майдангерлерге арналған «Батырларға тағзым» атты шеру өтеді. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа қатысушылардың ұрпағы аталарының суреттерін көшелермен алып жүреді. Бүгінгідей жаһандық саясатқа агрессия мен қатыгездіктің жегі құрты дендеп енген кезеңде соғыстың қасіретін еліміздің барша азаматына түсіндіру аса маңызды”, – деді Тоқаев.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close