Білім

Президент: Ата-аналар бала тәрбиесіне дұрыс араласпай отыр

Фото: ашық дереккөз

Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында айтты, – деп хабарлайды qandastar.kz arasha.kz-ке сілтеме жасап.

Жиын барысында президент балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы екенін баса айтты.

“Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн», -деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар ол қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне өз деңгейінде араласпауынан болып отырғанын айтты.

“Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын», – деді президент.

Сөз жоқ, заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашады, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіреді. Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close