Тамыз конференциясында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың психологиялық саулығын сақтау мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеп хабарлады.
Президенттің айтуынша, бүгінде әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект және агрессивті маркетинг балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейді. Сондықтан олардың психологиялық саулығы, эмоциялық тұрақтылығы мен адамгершілік тәрбиесі ұлттық қауіпсіздік пен елдің тұрақты дамуы үшін маңызды факторға айналып отыр.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев 2018 жылы қабылданған «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заңды қайта қарап, оған елеулі өзгерістер енгізу қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлеген. Президент Парламент депутаттарын бұл бастаманы жаңа сессия барысында қарастыруға шақырды.
Мемлекет басшысы көптеген дамыған елдерде де осындай шаралар қолға алынғанын атап өтті. Оның пікірінше, балалардың психологиялық әл-ауқатына төнетін қауіптің алдын алу – қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды қадамы.
Сондай-ақ Президент Үкіметке балаларға арналған интернет-контентті сүзгіден өткізу тетіктерін жетілдіруді және олардың ақпараттық қауіпсіздігін күшейту мақсатында балаларға арналған міндетті SIM-карталарды кеңінен енгізуді тапсырды.



