Әлем жаңалықтары

Президент Біріккен Ұлттар Ұйымы реформалауды қажет ететінін меңзеді

Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Доха форумының ашылу салтанатына мәртебелі мейман ретінде қатысты, деп жазды qandastar.kz

Ақорданың хабарлауынша, 2003 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық жиын биыл «Диалог, дипломатия және алуантүрлілік» (Diplomacy, Dialogue and Diversity) тақырыбына арналды.

Қатар астанасындағы айтулы іс-шарада геосаясат, экономикалық даму, жаңа технологиялар,  жасанды интеллект, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі секілді өзекті мәселелер талқыланады, сондай-ақ қазіргі заманның негізгі проблемаларын шешуге бағытталған ұсыныс-пікірлер айтылады.

 

Мемлекет басшысы Newsmaker Interview форматындағы арнайы сессияға қатысып, модератор, СNN журналисі Джулия Чаттерлейдің сұрақтарына жауап берді.

Қазақстан Президенті, ең алдымен, БҰҰ-ның тиімді қызметінің маңызы мен орта державалардың уақыт өткен сайын артып келе жатқан рөлі туралы айтты.

«БҰҰ әмбебап ұйым ретінде адамзат үшін өте қажет. Себебі оның баламасы жоқ. Өкінішке қарай, ірі державалар әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты толық сақтай алмай отыр. Ал бүгінгі ахуал көптеген елді, соның ішінде Қазақстанды да алаңдатады. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы реформалауды қажет етеді. Ірі державалар арасында ымыраластық болуы керек деп санаймыз. Олардың келісімге келе алмауы салдарынан Қауіпсіздік Кеңесі тығырыққа тірелді. Қазақстан сияқты орта державалар аймақтық деңгейде, сондай-ақ жаһандық кеңістікте бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетуде өте маңызды рөл атқара алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close