Жаңалықтар
Президент Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен және Алғыс айту күнімен құттықтады

Биыл Рамазан айы Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келіп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын қасиетті Рамазан айының басталуымен және Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды qandastar.kz
«Құрметті отандастар! Баршаңызды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Бұл – халқымыздың рухани өмірінде айрықша маңызы бар кезең. Ораза кезінде сабырлылық пен қанағатшылдық, жанашырлық пен қамқорлық секілді ізгі құндылықтар ерекше дәріптеледі. Азаматтарымыз мұқтаж жандарға көмек беріп, қайырымдылық жасауға ұмтылады. Мұның бәрі ислам дінінің гуманистік идеяларынан бастау алады. Халқымыз үшін дін мен дәстүр – бірін-бірі толықтырып, өзара сабақтасып жатқан егіз ұғым. Асыл дініміз де, ата дәстүріміз де жұртты жақсылық пен жасампаздыққа үндейді. Биыл Рамазан айы Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Мазмұны терең, мағынасы үндес қос мереке халқымыздың берекелі бірлігін одан әрі нығайта түсуге шақырады. Оразадан оразаға аман-есен жете берейік! Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Ниет қабыл болсын!», — делінген құттықтау хабарламасында.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс айту күнімен құттықтады.
«Құрметті отандастар! Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жарқын мереке азаматтарымыздың бір-біріне деген ризашылығы мен тілектестігінің, шынайы құрметінің символы саналады. Халқымыз ғасырлар бойы берекелі бірлігі мен туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында ең күрделі сынақтар мен қатерлерді еңсере білді. Осы іргелі құндылықтар жалпыұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Бұл құрылым қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Қазір біздің алдымызда жүйелі әрі ауқымды реформаларды жүзеге асыру міндеті тұр. Осы орайда, әр азаматтың ел тағдырына жауапты екенін толық сезіне білуі маңызды. Біз жұдырықтай жұмыла білсек қана, үйлесімді және әділетті қоғам құру жолында жетістікке жетеміз. Туған елдің игілігі үшін адал әрі тынымсыз еңбек етіп жүрген барша отандастарыма алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!», — делінген Прзидент құттықтауында.