Жаңалықтар
Президент: Қазақстанда адам құқығы алға шығуы тиіс

Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында соңғы жылдары жүзеге асқан ауқымды өзгерістерді қорытындылап, алдағы стратегиялық бағыттарды айқындады, деп хабарлайды qandastar.kz
– Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда ауқымды экономикалық және институционалдық реформалар жүргізілді. Біздің мақсатымыз айқын – барынша әртараптандырылған, инклюзивті және келешекке бағдарланған экономика құру. Экономикалық өсім орнықты болуымен қатар, оның игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс.
Елімізді түбегейлі жаңғыртып, Әділетті Қазақстанның негізін қалау үшін мемлекеттілікті нығайтуға көп күш-жігер жұмсап жатырмыз.
Жалпыұлттық референдум арқылы Конституциямызға өзгеріс енгізіліп, басты билік институттарына реформа жасалды, – деді Президент.
Тоқаев Конституцияға енгізілген өзгерістер мен билік тармақтарын қайта бөлісудің тарихи маңызын ерекше атады. Суперпрезиденттік үлгі жойылып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын негізге алған тежеу-тепе-теңдік жүйесі қалыптасты.
Президент өкілеттілігі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектелді. Тоқаевтың пікірінше, бұл қадам аймақта бұрын-соңды болмаған саяси жаңғыруға жол ашып, «өркениетті қоғам құрудың берік іргетасына айналады».
Біз суперпрезиденттік жүйеден бас тарттық. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын басшылыққа алатын, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бар президенттік республика жолын таңдадық.
Бұл тұжырым Қазақстандағы саяси жүйенің ерекшеліктеріне мейлінше лайықты модель екеніне кәміл сенемін.
Президент өкілеттілігі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектелді. Қазақстанда ғана емес, біздің аймақта мұндай шешім бұрын-соңды қабылданбаған. Менің ойымша, бұл қадам еліміздің саяси жүйесін нығайтуға, экономикасын дамытуға және өркениетті қоғам құруға негіз болады.
Президент – халықтың белгілі бір мерзімге, біздің жағдайымызда жеті жылға жалдаған менеджері.
Парламент азаматтық қоғам және жаңа саяси партиялардың мүшелерімен толықты. Сондай-ақ әйелдерге, жастарға және әлеуметтік тұрғыдан осал топтың өкілдеріне қосымша квота берілді.
Адам құқықтарын қорғаудың нақты тетіктері болмаса, ілгері жылжу мүмкін емес. Бұл жүйе «Заң мен Тәртіп» қағидатында көрініс тапқан.
Біз аталған реформаларды геосаяси ахуал тұрақсыз кезеңде қолға алғанымызды білеміз. Бірақ «Жол мұраты – жету». Осы стратегиялық бағдарымыздан айнымаймыз, реформаларды тоқтатпаймыз.
Жаһандағы сын-қатерлерге қарамастан, экономикамыз былтыр 5,1 пайызға өсті. Шетелден тартылған тікелей инвестицияның көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымалданған жүк 62 пайызға артты.
Дейтұрғанмен біздің стратегиялық мұратымыз цифрмен ғана өлшенбейді. Бұл реформалар жұртшылықтың өркендеуіне жол ашатын жаңа қоғамдық келісімді орнатуды көздейді.
Біз адам капиталына инвестиция салып, жас мамандардың қалыптасуына жағдай жасаймыз. Ең басты міндетіміз – аймақтар арасындағы алшақтықты азайту және орта тапты нығайту.
Сол себепті цифрлық технология мен жасанды интеллектіден бастап жасыл энергетика мен қосымша құны жоғары өндіріске дейінгі негізгі секторлардағы әлеуетімізді күшейте береміз.
Біз цифрлық трансформацияда елеулі табысқа қол жеткіздік. Мақсатымыз – Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу.
Әсіресе, жасанды интеллектіні дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Бірқатар шетелдік университеттің филиалы бар, зерттеу мен әзірлеу саласындағы серіктестік жолға қойылған академиялық және инновациялық хабқа айналғымыз келеді.
Қазақстан ең қуатты суперкомпьютерді іске қосуға кірісті. Қазірдің өзінде бұл жұмыс басталып кетті.
Бұдан бөлек, СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Мұнда криптовалютаны азық-түлік сатып алуға, қызмет төлеміне және басқа да мақсаттарда пайдалануға жағдай жасалады.
Әлемдегі уран қорының 40 пайызы Қазақстанның еншісінде. Сондықтан еліміз атом энергетикасын дамытуды ұлттық стратегияның басым бағыты ретінде қарастырады.
Алайда климат дағдарысы шешілмей, ешқандай орнықты даму болмайды. Орталық Азия – планетадағы климат өзгерістеріне осал өңірлердің бірі. Мұнда ғаламдық жылыну деңгейі әлемдегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жоғары.
Аталған қиындықтарды еңсеру үшін өңірлік тұрғыдан үйлестірілген, прагматикалық бағыттағы климат күн тәртібін ілгерілетуге бейілміз. Оның аясында еліміз бірқатар халықаралық ұйымға мүше болып, келісімдерге қосылды.
Келесі жылы Қазақстан БҰҰ-мен бірге Өңірлік экологиялық саммитін өткізеді. Бұл алаң Орталық Азия елдерінің стратегиясын жаһандық мақсатпен ұштастыруды көздейді.
Қазақстан өзара құрмет пен аймақтық ықпалдастықты арқау еткен Орталық Азияның тұрақтылығы берік, ынтымағы бекем, болашағы айқын болғанын қалайды.
Екі ай бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын құру туралы қарарды ресми түрде қабылдады.
Бұл – біздің көпжақты дамуға үлес қосқан маңызды жетістігіміз. Аталған орталық бірлескен жобаларға қолдау көрсетіп, техникалық сараптамаларды қамтамасыз етеді және халықаралық ынтымақтастықты үйлестіреді, – дейді Мемлекет басшысы.