Президент Төтенше жағдайлар қызметкерлері мен құтқарушылар елдің қауіпсіздігі үшін әрдайым дайын тұратынын атап өтті, деп хабарлайды qandastar.kz
Мемлекет басшысы азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасатынын және құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Оның сөзінше, бұл саладағы жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды, өйткені адамдардың өмірі мен амандығы осыған тікелей байланысты.
– Басқа біреудің өмірін құтқару үшін өз басын қауіпке тігу – нағыз ерлік. Қиын жағдайда қалған жұрт ең алдымен құтқарушылардан көмек күтеді. Құтқарушылар өз жұмысын адал әрі жанқиярлықпен атқарып жүр. Өкінішке қарай, осы жолда көз жұмған батырларымыз да бар. Соңғы 30 жылда 72 құтқарушы ерлікпен қаза тапты. Біз олардың есімдерін ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл азаматтар елге деген сүйіспеншіліктің, антына беріктіктің жарқын үлгісін көрсетті. Сондықтан ерлікпен қаза тапқан құтқарушылардың есімдерін ел ішінде ұлықтап, мәңгі есте сақтауымыз қажет, – деді Президент.
Сөз соңында Мемлекет басшысы «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» деген халық даналығын келтіріп, құтқарушылар Әділетті әрі Қауіпсіз Қазақстанды құруға үлкен үлес қосып жатқанын атап өтті.



