
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады, деп хабарлайды qandastar.kz
Президентке Палата қызметі туралы ақпарат берілді. Ерлан Қошанов депутаттар жұмыс барысында Президент Жолдауы мен ел дамуы бойынша берген тапсырмаларды заңнамалық тұрғыда уақтылы әрі сапалы қамтамасыз етуге ерекше мән беретінін баяндады.
Бүгінде 15 заң қабылданып, Сенатқа жолданды. Мәжіліс қарауында 77 заң жобасы бар. Жыл соңына дейін Құрылыс, Цифрлық кодекстер мен «Банк қызметі туралы» Заңды қабылдау жоспарланып отыр. Сондай-ақ сайлау, тұтынушылардың құқығын қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу секілді заң жобаларына қатысты жұмыс жүргізілуде. Депутаттар жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы заңнамаға түзетулер енгізуге, сондай-ақ креативті индустрия, ғылыми зерттеу аумақтарын дамыту, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау, бағбандық шаруашылық серіктестіктерді мемлекеттік қолдау бойынша заң жобаларына бастамашы болды.
Заң шығару жұмысы жұртшылықтың, сарапшылардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық жүргізілуде. Барлық саяси партиялардың фракциялары өз электоратының сұранысына сәйкес ұсыныстарын белсенді түрде енгізіп жатыр. Маңызды заң жобалары Қоғамдық палатаның отырыстарында қаралады.



