Әлеумет және қоғамЖаңалықтарСпорт

Президент Михаил Шайдоровты марапаттап, чемпионның әкесіне алғыс айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Ақорда резиденциясында салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Президент салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде Қазақстан үшін бұл Олимпиаданың орны ерекше екенін айтты.

Сондай-ақ Михаил Шайдоровтың жеңісі еліміз үшін теңдесі жоқ жетістік саналатынына назар аударды.

«Біріншіден, бұл – көптен күткен, яғни, 32 жылдан кейін қол жеткізген тарихи жүлде. Екіншіден, бұл – мәнерлеп сырғанаудан ел қоржынына түскен алғашқы Олимпиада алтыны. Үшіншіден, күллі әлем елімізде әйгілі спортшы Денис Теннің жолын жалғастыратын дарынды жастардың бар екеніне куә болды. Михаил Шайдоровтың Олимпиадада көрсеткен керемет өнері, сөзсіз, тарихи жетістік, нағыз триумф. Кортина д’Ампеццо мұз айдынында отандасымыздың жұлдызы жарқырады. Бұл – Олимпиада чемпионының өзін-өзі шыңдап, өз күшіне сенгенінің, мәнерлеп сырғанау сияқты аса қиын спорт түріне деген ерекше махаббатының жемісі», — деді президент.

Сондай-ақ Олимпиада чемпионының әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровтың еңбегіне айрықша тоқталды.

«Станислав Александрович – мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Әкесі, тұңғыш бапкері ретінде Михаилдың мұз айдынындағы алғашқы қадамын жасауға көмектесіп, өмірдің ең қиын сәттерінде әрдайым ұлының жанында болған адам. Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан Республикасының көк Туын әлемнің басты спорт аренасында биік желбіреткен осындай ұлды, отаншыл азаматты тәрбиелегеніңіз үшін Сізге шын жүректен алғыс айтамын. Баспасөз бетіндегі сұхбатыңызды оқып шықтым. Михаилдан мейіріміңізді аямай, талантты перзентіңіздің спорттағы ерекше миссиясына титтей де күмән келтірмей, әкелік парызыңызды адал әрі лайықты атқардыңыз. Биік шыңға апарар бұралаң жолдан бірге өттіңіздер. Енді сол табан ақы, маңдай тердің жемісін көріп, құрмет пен қошеметке бөленіп жатсыздар. Бүгінде халқымыз Сіздерді ардақ тұтады. Отаншылдықтың нағыз үлгісін көрсеткендеріңіз үшін еліміз Сіздерге ризашылығын білдіреді. Жұртшылықтың алғаусыз алғысы мен құрметіне мен де қосыламын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button