
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі министрлер мен әкімдерге қатысты айтылатын сын, жалған ақпарат және жастардың әрекеті туралы пікір білдірді, деп хабарлайды qandastar.kz
Мемлекет басшысы соңғы уақытта интернет кеңістігінде халықты арандатып, қоғамда бүлік тудыруды көздейтін материалдар көбейгенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жазбалардың артында пиғылы теріс адамдар тұруы мүмкін.
«Қазір әлеуметтік желіде жұртқа ақыл айтып, өздерін сарапшы санайтындар көбейді. Арасында шындыққа жанаспайтын, жалған ақпарат тарататындар да бар. Осындай адамдардың ықпалына еріп, кейбір жастар қоғамды адастыратын, тіпті арандатуға бағытталған жазбалар жариялап жүр», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, құқық қорғау органдары заманауи технологиялардың көмегімен арандатушы жазбалар жариялаған адамдардың кім екенін, қайда тұратынын анықтап отыр. Әзірге оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Алайда бұл әрекеттер жалғаса берсе, заң аясында нақты шаралар қабылданатынын ескертті.
«Олар – жастар. Сондықтан әзірге тек түсіндірумен шектеліп отырмыз. Бірақ мұндай жағдайлар қайталанса, Заң мен тәртіп аясында әрекет етуге мәжбүр боламыз», – деді ол.
Президент бұл мәселеде ғалымдар мен зиялы қауымның да үнсіз қалмауы керектігін айтты. Ол қоғамда, әсіресе жастар арасында ағарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, Тоқаев Үкімет пен әкімдердің жұмысына қатысты сынды жоққа шығармады. Дегенмен, кез келген пікір салмақты, байыпты әрі қоғамды арандатпай айтылуы тиіс екенін атап өтті.
«Әкімдер мен министрлерді сынауға болады. Бірақ халықты дүрліктірмей, салмақты және саналы пікір айтқан жөн. Еліміздің тұрақтылығы – басты басымдық», – деді Президент.