Жаңалықтар

Президент Парламенттік реформа жөнінде маңызды мәлімдеме жасады

Мемлекет басшысы Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысында сөз сөйлеп, еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды бастамалар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды qandastar.kz

«Бүгін біз Парламенттік реформа бойынша арнайы құрылған Жұмыс тобының алғашқы отырысында кездесіп отырмыз. Бұл – еліміздің болашағы үшін аса маңызды әрі жауапты жұмыс. Өткен аптада мен осы топты құру туралы өкімге қол қойдым. Парламенттік реформаны азаматтық қоғам, сарапшылар және қазіргі Парламент мүшелері арасында жан-жақты талқылау қажет екенін атап өттім», – деді Мемлекет басшысы.

Отырысқа Парламент, Президент Әкімшілігі, Үкімет, саяси партиялар, заңгерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің өкілдері қатысты. Барлық қатысушылар – елге белгілі, өз саласының кәсіби мамандары.

«Парламенттік реформа – халқымыздың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Жұмыс тобының әрбір мүшесі осы тарихи міндетті терең түсініп, белсенді түрде жұмыс істеуге ниетті деп сенемін», – деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдістерге сай келетінін атап өтті:
«Елімізде кең ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізіліп жатыр. Бұл өзгерістердің жалғасуы өте маңызды. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай мемлекетімізді жаңғырту жолында ілгері басамыз. Бұл Президент билігінің тиімділігін сақтай отырып, билік тармақтары арасындағы балансты қамтамасыз етеді».

«Әлем елдерінің үштен екісінде бір палаталы парламент жүйесі қолданылады. Сондықтан бізге де бұл жүйеге көшу – халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келетін қадам. Енді негізгі міндет – ортақ ұстанымға келу және парасатты, салмақты ұсыныстарды қарастыру. Барлық пікірлер мен ұсыныстар мұқият зерттеліп, жан-жақты талқыланатын болады», – деді Мемлекет басшысы.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button