
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық реформаларын іске асыруда тәртіп орнатуды тапсырды, деп жазады Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі syrmedia.kz парақшасына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, бизнес секторынан шағым тым көп түсіп жатыр: салық кодексіндегі нормалар әртүрлі түсіндіріледі, дұрыс жұмыс істемейді және кәсіпкерлер үшін артық тәуекелдер туғызады.
Мемлекет басшысы әкімшілік жүктемені азайту – мемлекеттің тікелей міндеті екенін еске салды. Бюрократия қысымы жойылуға тиіс, ал ол орындалмаса, жауапкершілік тиісті шенеуніктерге жүктелетіні ескертілді.
Тоқаев сондай-ақ жапондық «Бір ауыл – бір өнім» моделіне ұқсас шағын және орта бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел әзірлеуді тапсырды.
Президент елімізде тері өңдеу саласы жылдар бойы дамымай қалғанына таңғалысын білдіріп, мұндай жобаларды нысаналы түрде қолдауды жүктеді.



