Жаңалықтар

Президент Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысын өткізді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысын өткізді, деп хабарлайды qandastar.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесі мемлекет пен оның халықаралық серіктестері арасындағы стратегиялық ықпалдастықтың сенімді платформасы ретінде алдағы уақытта да қызмет көрсете беретінін атап өтті.

– Аталған форум жиырма жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда инвестицияға бағдарланған экожүйе қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. Біз Кеңестің белсенді қатысуымен елімізде инвестициялық ахуалды жақсартуға, ашықтықты арттыруға және кәсіпкерлік жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған кешенді реформаларды одан әрі жалғастыруға ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, сарапшылар таяу жылдары жаһандық ІЖӨ өсімі шамамен 2,9 пайызға дейін баяулайтынын болжап отыр.

– Бүгінде инфляциялық қысымның күшейгені, жаһандық жеткізу тізбегіндегі кедергілердің және іскерлік ортадағы бағдарсыздықтың артқаны байқалады. Мұндай үрдістер әлем экономикасының перспективасын нашарлата түсуі ықтимал. Бұл халықаралық сындарлы диалогтың қажет екенін көрсетеді. Қазақстан секілді елдердің экономикасы осындай сын-қатерлер кезінде сыртқы дағдарыстарға төтеп бере алды. Биылғы бес айда Қазақстан экономикасы 6 пайызға өсті. Оған көлік және логистика, құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі және өңдеу салалары көп үлес қосты, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстанның стратегиялық тұрғыдан орналасуы, адами капиталы және реформаларды жан-жақты жүргізуі инвесторларға да, ұлттық экономикаға да мол мүмкіндік береді. Президент инвесторлардың мәселесін «осы жерде және дәл қазір» қағидаты бойынша жедел шешуге бағытталған Инвестициялық штаб қызметіне тоқталды. Аталған штаб 70 миллиард долларды құрайтын 137 инвестициялық жобаға қолдау көрсетті. Сондай-ақ заңнамаға инвесторлардың проблемасын жүйелі түрде шешуді көздейтін 140 түзету енгізуге бастамашы болды.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close