Жаңалықтар
Президент Солтүстік Қазақстан облысының әкімін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берілді, деп хабарлады Qandastar.kz
Мемлекет басшысына майлы және жем-шөп дақылдарының егістік көлемі ұлғайғаны туралы баяндалды. Әкімнің айтуынша, тұқым жаңарту деңгейі 11,2 пайызға жеткен, су үнемдеу технологиялары белсенді енгізіліп жатыр. «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында шаруаларға 97 миллиард теңге бөлінген. Биыл мемлекеттік қолдау ауқымы былтырғымен салыстырғанда 24 пайызға артқан.
Президентке Солтүстік Қазақстан облысы елімізде сүт өндірісі бойынша алғашқы үштікке кіретіні, соның ішінде сүт өндіру кешендерінің саны жағынан көш бастап тұрғаны айтылды.
Ғауез Нұрмұхамбетов облыста жалпы сомасы 893 миллиард теңгені құрайтын 52 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Нәтижесінде 7,5 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Биыл 332 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда 5 көпқабатты үй тапсырылды. Жыл соңына дейін тағы да 11 нысанның құрылысы аяқталады. Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар үшін биыл 258 пәтер сатып алынады.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Петропавл қаласында 600 орындық жаңа заманауи мектеп салынды. Сонымен қатар 280 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласында ауылдық жердегі 46 медициналық нысан жаңғыртылды. Өңірге медицина мамандарын тарту мақсатында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр.
Президент жиын-терін науқанына дайындықтың, агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асырудың маңызына назар аударды. Сондай-ақ Петропавлдағы 2-ЖЭС-ті жөндеу және жылумен, энергиямен қамтамасыз ету желілерін реконструкциялау жұмыстарын жылдам аяқтау қажет екенін ескертті.