Жаңалықтар
Президент Су кодексіне қол қойды

Фото: baq.kz
Президент Су кодексіне қол қойды, деп жазды qandastar.kz
Елімізде тасқын болса, нақты қай органның немен айналысатыны айқындалды. Былтырғы төтенше жағдайдан кейін, халықпен қоса, абдыраған Үкімет осы мәселені бір жақты қылып, Су кодексіне енгізіпті. Енді төтенше жағдай туындаса, Су министрлігі — бассейнге тасқын суды өткізіп, қоймалалардың жай күйін бақылайды. Төтенше жағдайлар министрлігі — алдын алып, салдарын жояды.
Әкімдіктер — еріген қар суына қарсы бөгет салады. Жерүсті су нысандарына санация жүргізеді. Ал Экология министрлігі — қарамағындағы аумақтарға ағаш отырғызуы тиіс.
Бұдан бөлек: Кодекстің бірінші блогы су үнемдеудің жаңа тетіктерін енгізуге және су нысандарын қорғауға бағытталған. Заңнамаға алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Бұл азаматтар мен ел экономикасын су тапшылығынан, ал су нысандарын ластанудан қорғауды, сондай-ақ трансшекаралық су нысандарын қорғау мен пайдалану саласында Қазақстанның мүддесіне қызмет етеді.
Екінші блок саланы басқару тәсілдерін қайта қарастырады. Онда су ресурстарын қорғаудың басым бағыттарына, шешім қабылдауға жұртшылықты кеңінен тартуға және су шаруашылығы бассейндері негізінде басқаруға мән берілген. Келесі блокта су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу және бақылау қатаңдатылды. Бассейндік су инспекцияларына мемлекеттік бақылау функциясынан бөлек, жедел әрекет ете отырып мемлекеттік қадағалау жөніндегі өкілеттіліктер берілді.
Соңғы блок гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.