Жаңалықтар
Президент Yessenov Technopark қызметімен танысты

Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аумағында орналасқан технология паркінің жұмысымен танысты, деп жазды qandastar.kz
Президентке технопарктің заманауи инфрақұрылыммен жасақталғаны жөнінде айтылды. Мұның бәрі стартаптар мен жобалар әзірлеумен айналысатын кәсіпкерлерді, студенттерді, сондай-ақ оқушыларды қолдауға арналған.
Мемлекет басшысына инновациялық зертханалар мен шеберханалар таныстырылды. Онда студенттер мен жас мамандар электроника, роботты техника, лазермен кесу, ағаш және металл өңдеу, полиграфия, 3D-дизайн, тігіншілік дағдыларын меңгереді.
Президент халықаралық бағдарлама бойынша ІТ-мамандарды даярлайтын оқу аймағын және цифрлық әрі телекоммуникациялық құзыреттерді дамытуға бағытталған зертхананы аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев студенттермен әңгімелесу барысында қазір жаңа технологиялар мен жасанды интеллект бағыттарын дамыту өзекті болып отырғанын жеткізді. Президенттің айтуынша, елімізде көлік-логистика саласының білікті мамандарына сұраныс жоғары. Мемлекет басшысы жастарды келешектің кепілі саналатын сапалы білім алуға шақырды.